Соңғы 10 жылда Қазақстанда балалар саны 34%-ға өсті, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда аналар, перинаталдық, неонаталдық және балалар өлімін төмендету бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанның осы бағыттағы орнықты даму мақсаттарына мерзімінен бұрын қол жеткізгенін мойындады. Жалпы, елімізде соңғы үш жылда халықтың 1,3 млн-ға өсуі байқалады. Соңғы 10 жылда балалар саны 34%-ға 5 млн-нан 6,8 млн-ға дейін өсті. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті директоры Мағрипа Ембергенова мәлімдеді. Бүгінгі таңда елдегі әрбір үшінші азамат – бала. Жыл сайын 360 мыңға жуық жүкті әйел тіркеледі. 370 мыңға жуық жаңа туған нәресте дүниеге келеді.
«Елімізде медициналық ұйымдардың инфрақұрылымы мен желісі құрылды. Аналар мен балаларға көмек көрсету үшін 7 медициналық орталық жұмыс істейді. Өңірлерде 240 босандыру ұйымы, 39 перзентхана жұмыс істейді. Бүгінгі таңда біздің перинаталдық орталықтарымыз материалдық-техникалық жарақтандыру және кадрлардың біліктілік деңгейі бойынша халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Кадрлық әлеует аналар мен балаларға сапалы медициналық көмек көрсетудің негізгі факторы болып табылады. Елде 4700 акушер-гинеколог жұмыс істейді. Перзентханаларда күн сайын 1679 акушер-гинеколог әйелдерді босандырады. Резидентурада «Акушерлік іс және гинекология» мамандығы бойынша 815 адам оқиды. Балаларға 5 мыңнан астам дәрігер медициналық көмек көрсетеді», – деп атап өтті спикер.
Департамент басшысы ведомство әйелдер мен балаларды сауықтыру, жұқпалы емес және жұқпалы аурулардың алдын алу, емдеу және оңалту бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатқанын атап өтті. Заңнамалық, нормативтік-құқықтық актілер жетілдірілуде. Акушерлік-гинекологиялық, педиатриялық, неонаталдық көмек көрсету стандарттары бекітілді. Балаларға кардиохирургиялық көмекті жетілдіру, балалар тамырлы хирургиясын дамыту бойынша Жол карталары бекітілді.
«Ең бастысы – аурулардың алдын алу, бала көтеретін жастағы әйелдерді барлық сауықтыру шараларымен уақытылы қамту. Министрлік әйелдердің денсаулығын бағалау, жүктілікті жоспарлағанға дейін тексеру және сауықтыру мақсатында «Аналар саулығы» бағдарламасын бекітті. «Аңсаған сәби» бағдарламасының төрт жылдық қорытындысы бойынша 30 мыңнан астам әйелге ЭКҰ жасалды. Көптен күткен 10 мыңнан астам бала дүниеге келді. Жасөспірімдер арасында босану 8%-ға төмендеді. Жасөспірімдер арасында түсік жасату 13%-ға төмендеді», — деп қосты спикер.