«Жыныс мүшесі жараланған»: Алматыдағы жеке балабақшалардың бірінде үш жасар қыз ауруханадан бір-ақ шықты

  • 16.08.2023 16:10

Алматыдағы жеке балабақшалардың бірінде тағы да шу шықты.

Бұл туралы «НеМолчи.kz» қоғамдық қорының Дина Таңсәрі мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Қоғам белсендісінің айтуынша қорға алматылық үш жасар қыздың анасы хабарласқан. Оның айтуынша бүлдіршіннің жыныс мүшесіне жеке балабақшада зақым келген. Десе де балабақша басшысы өз кінәларын мойындамай отырған көрінеді.

«6 маусым күні, жекеменшік балабақшаға баратын менің қызымның жыныс мүшесіне зақым келді. Дәл сол кезде камера жұмыс істемеген. Бүгінге дейін тергеу жүріп жатыр. Балабақша директоры өз кінәсін мойындамайды, керісінше бәріне мені кінәлап отыр», — дейді балақайдың анасы.

Дәрігерлердің айтуынша үш жасар бүлдіршіннің жыныс мүшесі қатты соққыдан жараланған. Әйел адам полицияға шағымданғанымен, камера жұмыс істемегендіктен, ештеңені дәлелдей алмай отырғандығын мәлімдеді.
Аталған оқиғаға қатысты Алматы қаласы полиция департаменті былай дейді:

«Тиісті сараптамалық тексерулер тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр», — деді ПД өкілдері.